
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медіресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермеп едім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртым:
Өімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсе қызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың.
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нӘрсе ғой, сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар Әрбір сөзді өз халынша.
Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.